Кеше облыста соққан дүлей дауыл мен көктайғаққа байланысты барлық бағыттағы жолдар жабылды. «Астана-Петропавл» тас жолының Тайынша тұсындағы бөлігі арқылы өту жүргізушілерге аса қиынға соққан көрінеді. Көліктер дөңес учаскелерге көтеріле алмапты. Тіпті, бір жерге ары қарай қозғала алмаған 80-ге жуық фура жиналып қалған екен. Ал Мамлют ауданында Қостанай жаққа кетіп бара жатқан жүк көлігінің тіркемесі жолдан шығып кеткен.
Облыс аумағында осындай жағдайға бір түнде 7 көлік тап болды. Олардың барлығы шығарып алынды. Жабық жолдарда 160-қа жуық жүк және 130-дан астам жеңіл көлік тұралап қалған. 240-тан астам адам құтқарылған. Кейбіреуі жылыту орындарына жеткізіліпті. Мамлютка қаласындағы білім беру мекемелерінің біріне 80-нен астам адам орналастырылды. Олардың қатарында Тәжікстаннан Ресейге бара жатқан жолаушылар да бар. Оның 17-сі - бала.
Сондай-ақ, полицейлер түк көрінбейтін боранда елді мекендерге 30-40 машинадан құралған 7 автокөлік легін бастап барған.