***

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығының бір жылда атқарған жұмысымен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов танысты. Олар оңалту кабинеттерін көзбен көріп, қызметкерлермен жүздесті. Орталық Жамбыл аудандық орталық ауруханасындағы (Ұзынағаш ауылы, Қарасай батыр көшесі, 259) ғимаратта орналасқан. Мұнда церебралды паралич, аутизм, эпилепсия, ақыл-ойы кем, сөйлеу тілі дамымаған, бронхөкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар балалар ем қабылдайды. Инновациялық технологияларға негізделген сапалы әрі тиімді кешенді оңалтудан өтуге жағдай жасалған. Балалар мен ата-аналар медициналық емдеу шаралары, түзету сабақтары, ойын-сауық сауықтыруға арналған бөлмелермен қамтылған. Қазіргі таңда Жамбыл мен жақын маңдағы аудандармен қатар, Алматы қаласынан және өзге де облыстан келген 50 бала ата-анасымен бірге оңалтудан өтіп жатыр.
Back to Top